Жаңа тәртіп: жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемдер қалай төленеді

1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем төлеу тәртібі өзгереді.Төлемнің мерзімі ең көбі үш ай болады. Аталған өзгеріс әлеуметтік төлем алуға құқығы ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап туындайтын азаматтарға қатысты қолданылады.Әлеуметтік төлемнің мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай белгіленеді. Жүйеге 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай, 12 айдан 24 айға дейін қатысқан жағдайда 2 ай, ал 24 ай және одан көп қатысқан жағдайда 3 ай төленеді.Сонымен қатар 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері белгіленеді. Ол төлем алу құқығы туындаған күндегі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 7 ең төменгі жалақының 45%-ын құрайды.Әр азамат үшін төленетін нақты сома соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысына және оның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептеледі.






